Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің докторанты, әділет полковнигі, Астана қ.
Андатпа. Мақалада әскери қызметшілерді құқықтық тәрбиелеу Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріндегі әскери тәртіпті қамтамасыз ету жүйесінің құрамдас элементі ретінде зерттеледі. Нормативтік құқықтық актілер мен ғылыми дереккөздерді талдау негізінде әскери қызметшілердің құқықтық санасын, құқықтық мәдениетін және құқыққа сай мінез-құлқын қалыптастырудағы құқықтық тәрбиенің мәні, мазмұны мен рөлі ашылады. Құқықтық тәрбиенің авторлық моделі ұсынылып, оны жетілдіру бағыттары айқындалды.
Түйінді сөздер: құқықтық тәрбие, әскери қызметшілер, әскери тәртіп, құқықтық сана, құқықтық мәдениет, құқық бұзушылықтардың профилактикасы.
докторант Национального университета обороны Республики Казахстан, полковник юстиции, г. Астана
Аннотация. В статье правовое воспитание военнослужащих исследуется как составной элемент системы обеспечения воинской дисциплины в Вооруженных Силах Республики Казахстан. На основе анализа нормативных правовых актов и научных источников раскрываются сущность, содержание и роль правового воспитания в формировании правового сознания, правовой культуры и правового поведения военнослужащих. Предложена авторская модель правового воспитания, определены направления ее совершенствования.
Ключевые слова: правовое воспитание, военнослужащие, воинская дисциплина, правосознание, правовая культура, профилактика правонарушений.
doctoral student of the National Defense University of the Republic of Kazakhstan, Colonel of Justice, Astana
Annotation. The article examines legal education of military personnel as an integral component of the system for ensuring military discipline in the Armed Forces of the Republic of Kazakhstan. Based on an analysis of regulatory legal acts and academic sources, the study reveals the essence, content, and role of legal education in developing legal awareness, legal culture, and law-abiding behavior among military personnel. The paper proposes an author's model of legal education for military personnel and identifies key directions for its further improvement.
Keywords: legal education, military personnel, military discipline, legal awareness, legal culture, prevention of offences.
Кіріспе. Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Бұл міндетті шешуде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери тәртіптің, заңдылық пен құқықтық тәртіптің жоғары деңгейін қолдау маңызды рөл атқарады. Аталған қызметтің ажырамас элементі заңға құрметті, құқықтық мәдениетті, әскери қызмет міндеттерін саналы түрде орындауды қалыптастыруға бағытталған әскери қызметшілерді құқықтық тәрбиелеу болып табылады.
Мемлекеттік деңгейде әскери тәртіпті нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылады. Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы Күштерде және басқа да күштік құрылымдарда темірдей тәртіпті, заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету қажет екенін атап өтіп, әскери қызметшілердің өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін мемлекеттің жауапкершілігін ерекше көрсетті [1].
Қазіргі жағдайда құқықтық тәрбиенің маңызы оның әскери тәртіпті нығайтудағы және құқық бұзушылықтардың алдын алудағы негізгі рөлімен айқындалады, өйткені профилактикалық қызметтің тиімділігі тікелей әскери қызметшілердің құқықтық санасының деңгейіне байланысты. Құқықтық тәрбие құқықтық білімдерді, сенімдерді, құқықтық сананы, жоғары құқықтық мәдениетті және құқыққа сай мінез-құлықтың тұрақты дағдыларын қалыптастырудың мақсатты әрі жүйелі процесі болып табылады. Ол заңнама талаптарына, әскери жарғыларға және Әскери антқа құрметпен қарауды дамытуға, әскери қызмет міндеттерін адал орындау, бөлімшенің жауынгерлік әзірлігін қолдау және әскерлердегі құқықтық тәртіпті нығайту үшін жауапкершілік сезімін тәрбиелеуге ықпал етеді [2].
Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде әскери тәртіпті қамтамасыз етудің қазіргі теориясы мен практикасын талдау әскери қызметшілерді құқықтық тәрбиелеудің тұтас жүйесін қалыптастыру мәселелері отандық әскери-құқықтық ғылымда осы уақытқа дейін тиісті кешенді түрде ашылмағанын көрсетеді. Бұдан басқа, әскери қызметшілердің құқық бұзушылықтарының сипатын талдау олардың жасалу себептерінің бірі әскери қызметшілерді құқықтық тәрбиелеу жүйесін ғылыми-әдістемелік және ұйымдастырушылық-құқықтық қамтамасыз ету деңгейінің жеткіліксіздігі екенін тұжырымдауға мүмкіндік береді.
Зерттеудің мақсаты әскери қызметшілердің әскери тәртібін қамтамасыз ету жүйесіндегі құқықтық тәрбиенің рөлін айқындау және осы қызметті жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
Зерттеудің әдіснамалық негізін ғылыми танымның жалпы ғылыми және арнайы әдістері: талдау, синтез, жүйелік, салыстырмалы-құқықтық, формальды-заңдық және логикалық әдістер құрады. Зерттеудің деректік базасын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері, әскери тәртіп және әскери қызметшілерді құқықтық тәрбиелеу саласындағы отандық және шетелдік авторлардың ғылыми еңбектері құрады.
Негізгі бөлім. Құқықтық мемлекет қалыптастыру және оның талаптарына сәйкес келетін Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды құру міндеттерін шешу құқық пен заңға деген көзқарасты түбегейлі өзгертуді, сондай-ақ әскери қызметшілердің құқықтық мәдениетін елеулі түрде арттыруды көздейді. Бұл, өз кезегінде, әскерлердегі құқықтық тәрбие жүйесін жетілдіруді талап етеді.
Құқықтық тәрбиенің рөлінің артуы бірқатар факторлармен шартталған: заңнаманың, оның ішінде әскери заңнаманың жетілдірілуімен; әскери тәртіп жай-күйінің проблемаларымен; әскери қызметшілер арасындағы құқық бұзушылықтар динамикасындағы теріс үрдістермен; шақырылатын контингенттің сапалық сипаттамаларының төмендеуімен; әскери қызметшілердің әлеуметтік-құқықтық қорғалуы мәселелерінің өзектенуімен; құқықтық тәрбие жұмысының жекелеген іс-шараларының формальды сипатымен және олардың әскери қызметтің нақты жағдайларымен жеткіліксіз байланысымен.
Әскери қызметшілерді құқықтық тәрбиелеу жеке құраммен жүргізілетін тәрбие жұмысы жүйесінің ажырамас құрамдас бөлігі болып табылады, өйткені әскери қызметшілердің заңнама талаптарын қатаң сақтауы және дәл орындауы, сондай-ақ әскери, еңбек, әкімшілік және қылмыстық заңнама нормаларын дұрыс қолдануы жоғары әскери тәртіп пен әскери бөлімдердің (бөлімшелердің) тұрақты жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етудің аса маңызды шарттары болып табылады.
Ұсынылған авторлық модель құқықтық тәрбиенің әскери қызметшілердің құқыққа сай мінез-құлқын қалыптастыруға ықпал етудің бірізді механизмін көрсетеді. Құқықтық оқыту, құқықтық насихат және құқықтық ақпараттандыру құқықтық сана мен құқықтық мәдениетті қалыптастыруды қамтамасыз етеді, олар өз кезегінде құқыққа сай мінез-құлықтың тұрақты дағдыларын қалыптастыруға, әскери тәртіпті нығайтуға, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, сондай-ақ бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға ықпал етеді (1-сурет).
1-сурет – Әскери қызметшілердің әскери тәртібін қамтамасыз ету жүйесіндегі құқықтық тәрбиенің авторлық моделі
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жеке құрамымен тәрбие, әлеуметтік-құқықтық, психологиялық және идеологиялық жұмысты ұйымдастыру қағидаларына сәйкес тәрбие жұмысының негізгі міндеттерінің бірі «қазақстандық қоғамды дамыту және қайта құру саласында ел басшылығы қабылдап жатқан мемлекеттік саясат негіздері мен шараларды түсіндіру арқылы әскери қызметшілердің құқықтық хабардарлығы мен құқықтық сауаттылығы деңгейін арттыру» болып табылады [3].
Әскери қызметшілерді құқықтық тәрбиелеуді белгіленген құзырет шегінде әскери басқару органдары, әскери бөлімдердің командирлері мен бастықтары, сондай-ақ заң қызметінің басшылары мен лауазымды адамдары жүзеге асырады. Олардың қызметі заңдылықты қамтамасыз етуге, Конституцияны, заңдарды, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен міндеттемелерін сақтауға бағытталған.
Бұдан басқа, Қарулы Күштердегі құқықтық тәрбие қызметін әскери прокуратура органдары Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында құқық бұзушылықтардың профилактикасы және алдын алу бағдарламалары шеңберінде жүзеге асырады. Ол ең алдымен жеке адамды, қоғам мен мемлекетті құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан қорғауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, құқықтық сауаттылық деңгейін арттыруға және әскери қызметшілердің құқықтық санасын қалыптастыруға бағытталған.
Аталған іс-шараларды іске асыруға әскери бөлімдердің қолбасшылығы мен әскери полиция органдары белсенді қатысады. Әрбір әскери қызметшінің құқықтық тәрбиелілік деңгейіне бөлімшедегі және әскери бөлімдегі моральдық-психологиялық ахуал, әскери тәртіптің жай-күйі және жалпы Қарулы Күштердің құқықтық мәдениет деңгейі көп жағдайда байланысты.
Жүргізіліп жатқан жұмыстың оң нәтижелері статистикалық деректермен расталады. Мәселен, соңғы бес жылда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде қылмыстық құқық бұзушылықтар санының 40 %-ға төмендеуінің тұрақты үрдісі байқалады [4]. Сонымен қатар, Әскерлердегі құқық бұзушылықтардың профилактикасы жөніндегі 2022–2024 жылдарға арналған бағдарламаны іске асыру нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылықтардың жалпы саны 4,2 %-ға, оның ішінде аса ауыр қылмыстар — 30 %-ға, орташа ауырлықтағы қылмыстар — 3,1 %-ға, қылмыстық теріс қылықтар — 24 %-ға төмендеді [5].
Әскери прокуратура органдары әскери бөлімдер мен мекемелердің қолбасшылығымен, құқық қорғау органдарымен және қауіпсіздік органдарымен өзара іс-қимылда жүргізетін құқық бұзушылықтардың алдын алу және профилактикасы жөніндегі іс-шаралар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери тәртіпті, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға ықпал етеді.
Құқық бұзушылықтардың профилактикасы және әскери тәртіпті нығайту жүйесінің ажырамас бөлігі әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін құқықтық ағарту және құқықтық ақпараттандыру болып табылады. Осы мақсаттарда құқықтық оқыту, құқықтық насихат және құқықтық консультация беру арқылы іске асырылатын тәрбиелік және ақпараттық шаралар қолданылады. Құқықтық оқыту құқықтық білімдерді қалыптастыруға, құқықтық насихат заңнама мен әскери жарғылар талаптарын түсіндіруге, ал құқықтық консультация беру әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне білікті құқықтық көмек көрсетуге бағытталған.
Құқықтық тәрбиенің ең тиімді нысандарының бірі дәрістер, баяндамалар, әңгімелесулер, тақырыптық кездесулер, сондай-ақ айлықтар, апталықтар және құқықтық білімнің бірыңғай күндерін өткізуді қамтитын ауызша құқықтық насихат болып табылады. Оларды ұйымдастыруға әскери прокуратура органдары, әскери бөлімдердің қолбасшылығы, әскери заңгерлер, әскери полиция органдарының өкілдері және басқа да мамандар қатысады. Негізгі назар әскери тәртіпті нығайту, жарғыдан тыс өзара қарым-қатынастардың, әскери қызметтен жалтарудың алдын алу, әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне аударылады.
Әскери практика құқықтық тәрбиенің аудиториямен тікелей диалогты көздейтін интерактивті нысандары, оның ішінде әңгімелесулер, семинарлар, дөңгелек үстелдер, пікірталастар, құқықтық викториналар, конкурстар және сот процестерін модельдеу ең жоғары тиімділікке ие екенін көрсетеді. Мұндай нысандарды пайдалану әскери қызметшілерді құқықтық мәселелерді талқылауға белсенді тартуға, қызметтік қызметті жетілдіру бойынша конструктивті ұсыныстарды қалыптастыруға, құқықтық білімдерді тереңірек меңгеруге ықпал етеді, сондай-ақ бар проблемаларды уақтылы анықтауға және оларды одан әрі профилактикалық жұмысты ұйымдастыру кезінде ескеруге мүмкіндік береді [6].
Құқықтық тәрбиенің тиімділігі көп жағдайда құқықтық түсіндіру қызметін ұйымдастыру сапасына байланысты. Қолбасшылық өкілдерінің, әскери заңгерлердің, судьялардың, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің және әскери қызмет ардагерлерінің бірлесіп қатысуы әскери қызметшілерге кешенді тәрбиелік ықпал етеді, олардың құқықтық мәдениет деңгейін арттыруға, құқықтық санасын нығайтуға және заңнама мен әскери тәртіп талаптарын сақтауға тұрақты ұстаным қалыптастыруға ықпал етеді.
Әскери қызметшілерді құқықтық тәрбиелеуде бұқаралық ақпарат құралдары мен заманауи цифрлық коммуникациялық платформалар маңызды рөл атқарады. Олар құқықтық дүниетанымды қалыптастырудың, жеке құрамның құқықтық хабардарлық деңгейін арттырудың және құқық бұзушылықтардың профилактикасының тиімді құралы болып табылады. Ресми баспа басылымдары, интернет-ресурстар, радио және телебағдарламалар арқылы әскери заңнаманың, әскери тәртіпті нығайтудың, сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың, әскери қызметшілердің құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері, сондай-ақ әскери қызметті ұйымдастырудың оң тәжірибесі жарияланады.
Бұқаралық ақпарат құралдары азаматтардың объективті ақпарат алуға конституциялық құқығын іске асыруды қамтамасыз етеді, құқықтық білімдерді таратуға және заңға құрметпен қарауды қалыптастыруға ықпал етеді. Қазақстан Республикасында бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі заңдылық, объективтілік және тәуелсіздік қағидаттары негізінде жүзеге асырылады, бұл оларды құқықтық тәрбиенің және әскери қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастырудың пәрменді құралдарының бірі ретінде пайдалануға мүмкіндік береді [7].
Құқықтық тәрбиенің тиімді нысандарының бірі жеке құраммен сұрақ-жауап форматында кездесулер өткізу болып табылады, бұл әскери қызметшілерге заңнаманы қолдану және әскери қызметті өткеру мәселелері бойынша білікті түсіндірмелер алуға мүмкіндік береді. Мұндай іс-шаралар құқықтық сауаттылық деңгейін арттыруға ықпал етеді, әскери қызметшілер, қолбасшылық және әскери заңгерлер арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді, сондай-ақ бар проблемаларды уақтылы анықтауға және оларды жою бойынша шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жеке құраммен өзара іс-қимылдың әртүрлі нысандары пайдаланылады, оның ішінде командирге және әскери прокурорға өтініштерге арналған жәшіктердің жұмыс істеуі, анонимді сауалнама жүргізу, сенім телефондары туралы ақпарат орналастыру, құқықтық бұрыштар құру және «Прокурор сағаты» сабақтарын өткізу.
Құқықтық тәрбие жүйесінде ақпараттық стендтерді, тақырыптық плакаттарды, оқу фильмдерін, ақпараттық буклеттерді және профилактикалық бағыттағы өзге де материалдарды пайдалануды қамтитын көрнекі құқықтық насихат маңызды орын алады. Құқықтық білімдерді таратудың қосымша құралы әскери тәртіпті сақтаудың оң тәжірибесін, әскери қызметті құқықтық қамтамасыз ету мәселелерін және профилактикалық жұмыстың нәтижелерін жариялайтын ақпараттық бюллетеньдер мен қабырға газеттерін шығару болып табылады. Құқықтық тәрбиенің тиімділігін арттыруға қолбасшылықтың қоғамдық бірлестіктермен, ардагерлер кеңестерімен, әйелдер кеңестерімен және азаматтық қоғамның басқа да институттарымен белсенді өзара іс-қимылы да ықпал етеді. Олардың қатысуы әскери қызметшілерге тәрбиелік ықпалды кеңейтуге, әскери ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуалды нығайтуға және заңнама мен әскери тәртіп талаптарына тұрақты құрметті қалыптастыруға ықпал етеді.
Сонымен бірге, барлық командирлер әскери қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруда қоғамдық ұйымдардың (әйелдер кеңестері, ардагерлер кеңестері және т.б.) мүмкіндіктерін толық көлемде пайдалануды үйренді деп айту қиын. Кейде жекелеген командирлер олардың жұмысына күмәнмен қарап, олардың мүмкіндіктеріне, әскери ұжымдағы және әскери қызметшінің отбасындағы ахуалға ықпал ету қабілетіне сенбейді.
Құқықтық мәселелерді талқылау әскери қызметшілерді құқықтық тәрбиелеудің тиімді нысандарының бірі болып табылады. Мұндай іс-шаралардың негізгі мазмұнын заңнама ережелерін түсіндіру, құқық қолдану практикасының өзекті мәселелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріндегі заңдылықты, құқықтық тәртіпті және әскери тәртіпті қамтамасыз ету проблемаларын талқылау құрайды. Бұл қызметтің негізгі нысандары ғылыми-практикалық конференциялар, оқу-әдістемелік жиындар, семинарлар, тренинг-семинарлар, дөңгелек үстелдер, онлайн-конференциялар, баспасөз конференциялары, сондай-ақ парламенттік және қоғамдық тыңдауларға қатысу болып табылады.
Мәселен, шақыру науқандары кезеңінде халықты құқықтық ақпараттандыру мақсатында әскери прокуратуралардың консультациялық құқықтық жұмысы және әскери қызметке шақыру мәселелері бойынша телефондық «тікелей желілер» ұйымдастырылады. Олардың қызметі мен байланыс деректері туралы ақпарат әскери комиссариаттарда және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылады. Сонымен қатар, әскери прокурорлар жергілікті әскери басқару органдарының өкілдерімен бірлесіп әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы заңнаманың сақталуы мәселелеріне арналған баспасөз конференциялары мен брифингтер өткізеді.
Әртүрлі санаттағы азаматтармен және әскери қызметшілермен ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу арқылы құқық бұзушылықтардың профилактикасына ерекше назар аударылады. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери бөлімдері мен мекемелерінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі бірлескен жоспарларға сәйкес құқық қорғау және арнайы органдар өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстелдер, кеңестер және өзге де профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, тек 2023 жылдың төрт айында құқық қорғау және арнайы органдар өкілдерінің қатысуымен 78 дөңгелек үстел, 132 кеңес өткізілді, ал өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында 167 ақпараттық материал жарияланды [8].
Осылайша, қарастырылған құқықтық тәрбиенің нысандары мен құралдары әскери қызметшілерде заңнама талаптарына, әскери тәртіпке және заңдылық қағидаттарына тұрақты құрмет қалыптастыруға ықпал етеді. Жеке құрамның құқықтық хабардарлық деңгейін арттыру, әскери қызметшілер, қолбасшылық және әскери юстиция органдары арасындағы өзара іс-қимылды дамыту әскерлердегі құқықтық тәртіпті нығайту үшін қажетті жағдайлар жасайды. Осыған байланысты құқықтық оқытуды, құқықтық насихатты, құқықтық ақпараттандыруды және әскери басқару мен әскери юстиция органдарының практикалық қызметін қамтитын құқықтық тәрбие жүйесі әскери тәртіпті нығайтудың және әскери қызметшілер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алудың аса маңызды құралдарының бірі болып табылады.
Сонымен бірге құқық бұзушылықтардың алдын алу олардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоймайынша тиімді бола алмайды. Бұл криминогендік факторларды бейтараптандыруға және әскери қызметшілерде тұрақты құқықтық әрі адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған өзара байланысты профилактикалық шаралардың тұтас жүйесін қалыптастыру қажеттілігін туындатады. Мазмұны мен бағыттылығына қарай аталған шаралар шартты түрде жалпы, арнайы және жеке болып бөлінеді.
Аталған топтардың әрқайсысы жалпы құқық бұзушылықтардың, олардың жекелеген түрлерінің, сондай-ақ әскери қызметшілердің әртүрлі санаттары не әскери қызметтің белгілі бір жағдайларында жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Профилактикалық іс-шаралар жүйесінде құқықтық тәрбие ерекше орын алады. Оның бағыттарын, нысандарын, әдістері мен құралдарын таңдау тәрбие жұмысының міндеттерімен, жасалатын құқық бұзушылықтардың сипатымен және әскери қызметшілердің әртүрлі санаттарының ерекшеліктерімен айқындалады. Құқықтық сананы қалыптастыруға, әскери тәртіпті, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған мақсатты қызмет ретінде құқықтық тәрбие Қарулы Күштердегі құқық бұзушылықтардың алдын алудың негізгі құралдарының бірі болып табылады.
Құқықтық тәрбие құқық бұзушылықтардың алдын алудың жалпы шараларының құрамдас бөлігі болып табылады. Ол әскери қызметшілерде жоғары азаматтық жауапкершілікті, Қазақстан Республикасын қорғау жөніндегі конституциялық борышты түсінуді, заңнама талаптарына және әскери құқық нормаларына құрметпен қарауды қалыптастыруға ықпал етеді. Құқықтық тәрбиенің негізгі мақсаты құқыққа қарсы мінез-құлыққа ықпал ететін себептер мен жағдайларды бейтараптандыру және әскери қызмет міндеттерін құқыққа сай орындауға тұрақты ұстаным қалыптастыру болып табылады [9].
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі жалпы шараларға әскери қызмет жағдайларын жетілдіруге, әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға және тәрбие жұмысы жүйесін дамытуға бағытталған іс-шаралар жатады. Олардың тікелей профилактикалық бағыты болмағанымен, оларды іске асыру әскери тәртіпті нығайту және құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін қажетті жағдайлар жасайды.
Профилактиканың арнайы шаралары нақты құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған іс-шаралар кешенін білдіреді. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде олар командирлер мен бастықтар, тәрбие құрылымдары, әскери юстиция органдары және қоғамдық бірлестіктер арқылы іске асырылады. Қолданылу ауқымына қарай арнайы шаралар жалпы мемлекеттік, ведомстволық, өңірлік, объектілік және контингенттік болып бөлінеді, ал іске асырылу уақыты бойынша — ерте профилактика шаралары және жанжалды жағдайлар туындаған кезде не әскери қызметшілердің құқыққа қарсы мінез-құлқының белгілері болған жағдайда қолданылатын тікелей профилактикалық ықпал ету шаралары болып бөлінеді.
Жеке профилактикалық шаралар мінез-құлқы әскери тәртіпті, заңнама талаптарын немесе әскери этика нормаларын бұзуға бейімділікті көрсететін әскери қызметшілерге қатысты қолданылады. Алдын алу қызметі құқық бұзушылық жасамаған әскери қызметшілерге де, әскери тәртіпті бұзуға жол берген адамдарға да олардың қайта жасалуын болдырмау мақсатында жүргізіледі. Осыған байланысты жеке құрамға кешенді профилактикалық ықпал етуді қамтамасыз ететін құқықтық тәрбиенің әртүрлі нысандары, әдістері мен құралдары пайдаланылады.
Дегенмен, құқықтық тәрбие әскери қызметшілердің әртүрлі санаттарының ерекшеліктерін ескеретін кешенді ұйымдастырылған жағдайда, сондай-ақ тәрбиелік ықпал етудің заманауи нысандары, әдістері мен құралдарын ұтымды пайдаланған кезде құқық бұзушылықтардың алдын алуда ең жоғары тиімділікке қол жеткізеді [10]. Осыған байланысты әскери қызметшілерді құқықтық тәрбиелеуді жетілдірудің мынадай негізгі бағыттарын бөліп көрсету орынды болып табылады.
Біріншіден, әскери қызметшілерді жүйелі құқықтық оқытуды ұйымдастыру. Құқықтық даярлық әскери қызметті өткеруді, әскери қызметшілердің құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін реттейтін негізгі нормативтік құқықтық актілерді зерделеуді көздеуі тиіс. Құқықтық білім деңгейін арттыру заңнама талаптарына құрметпен қарауды қалыптастырудың, құқықтық сананы, құқықтық мәдениетті дамытудың және әскери қызмет міндеттерін саналы түрде орындаудың қажетті шарты болып табылады.
Екіншіден, құқықтық тәрбиенің нысандары мен әдістерін жетілдіру. Қазіргі практика әскери қызметшілердің құқықтық мәселелерді талқылауға белсенді қатысуын көздейтін интерактивті жұмыс нысандарын кеңінен пайдалануды талап етеді. Оларға әңгімелесулер, семинарлар, пікірталастар, дөңгелек үстелдер, құқықтық викториналар, іскерлік ойындар, құқықтық жағдайларды модельдеу және диалогтық өзара іс-қимылдың басқа да нысандары жатады. Оларды қолдану құқықтық білімді тереңірек меңгеруге, құқыққа сай мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді және қосымша түсіндіруді талап ететін проблемалық мәселелерді уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.
Үшіншіден, заңнама талаптары мен құқықтық тыйымдарға тұрақты құрмет қалыптастыру. Құқықтық тәрбие әскери қызметшілерде құқықтық нормалардың мазмұнын, заңнамамен белгіленген шектеулер мен тыйымдардың мақсаттарын, сондай-ақ оларды мүлтіксіз сақтау қажеттілігін дәйекті түрде түсінуді қалыптастыруды көздейді. Құқықтық тыйымдардың объективті негізділігін түсіну құқыққа сай мінез-құлыққа және әскери қызмет міндеттерін адал орындауға ішкі ұстаным қалыптастыруға ықпал етеді.
Төртіншіден, әскери қызметшілердің тұрақты құқықтық мінез-құлық моделін қалыптастыру. Тұрақты құқыққа сай мінез-құлық заңнаманы білу және оған оң көзқарас жеке сенімге айналғанда, ал заң талаптарын сақтау әскери қызметшінің ішкі қажеттілігіне айналғанда қалыптасады. Осыған байланысты әскери бөлімнің күнделікті қызметін ұйымдастырудың барлығы заңдылық және әскери жарғыларды қатаң сақтау қағидаттарына негізделуі тиіс.
Әскери бөлімнің ұйымдастырушылық-құқықтық ортасы әскери қызметшілердің құқықтық санасын қалыптастыруға елеулі ықпал етеді. Әскери жарғылар талаптарын, лауазымдық міндеттерді, ішкі тәртіп қағидаларын, көтермелеу және тәртіптік жауапкершілік шараларын қолдану тәртібін, ішкі, гарнизондық және қарауылдық қызметтерді ұйымдастыру тәртібін қатаң сақтау елеулі тәрбиелік әлеуетке ие және құқық бұзушылықтардың алдын алудың аса маңызды факторларының бірі болып табылады. Керісінше, әскери жарғылар талаптарын және әскери қызметтің белгіленген тәртібін сақтамау көбінесе құқыққа қарсы іс-әрекеттердің жасалу себебі немесе шарты ретінде көрінеді.
Қорытынды. Жүргізілген зерттеу құқықтық тәрбиенің Қарулы Күштер әскери қызметшілері арасында әскери тәртіпті қамтамасыз ету мен құқық бұзушылықтардың алдын алудың негізгі құралдарының бірі екенін қорытындылауға мүмкіндік береді. Оның тиімділігі құқықтық сананың, құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейін және құқыққа сай мінез-құлыққа тұрақты ұстанымды қалыптастыруға бағытталған құқықтық оқытуды, құқықтық насихатты, құқықтық ақпараттандыруды, құқықтық консультация беруді және өздігінен білім алуды кешенді пайдалану арқылы айқындалады.
Құқықтық тәрбие командирлердің (бастықтардың), тәрбие құрылымдары лауазымды адамдарының, заң қызметінің және әскери юстиция органдарының қызметінде ерекше маңызға ие, өйткені ол жеке құрамның құқықтық сауаттылық деңгейін арттырып қана қоймай, әскери тәртіп бұзушылықтарының алғышарттарын уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.
Құқықтық тәрбие әскери қызметшілерге жеке тәсілді іске асыру, әскери ұжымдардың ерекшеліктерін ескеру және профилактикалық жұмыстың заманауи нысандары мен әдістерін кешенді пайдалану кезінде ең жоғары тиімділікке қол жеткізеді. Осыған байланысты құқықтық тәрбие жүйесін одан әрі жетілдіру Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде заңдылықты, құқықтық тәртіпті және әскери тәртіпті нығайтудың басым бағыттарының бірі ретінде қарастырылуы тиіс.